Өзге елдерде шеберлер ауылы бар ма?
Алматы қаласының маңындағы «Алма-Арасан» шатқалында «Көк шоқы» деп аталатын шеберлер шоғырланған ауыл бар. Басқа да мемлекеттерде ұста-зергерлердің басын бір жерге топтастырған ауылдар бар ма?
Әлия САҒЫНДЫҚОВА, Алматы қаласы
Шеберлердің бір жерге топтасуының жақсы да, жаман да тұстары бар. Бақастық-бәсекелестік қай кезде де болған, бола бермек те. Тіпті мәшһүр Леонардо до Винчи мен Мекиланджело да бір-бірімен қастасып, бәсекелесіп өткені аян. Еуропада шеберлердің бір жерге шоғырланған мекені жоқ. Өйткені олардың бастары бір қазанға сыймайды. Дегенмен Дағыстандағы әйгілі Кубачиде бірнеше ғасыр бойы тек өнер адамдары тұрып келеді. Осындай ауылдар Ресейде атам заманнан бері бар. «Шеберлер ауылында тұрғанның пайдасы өзің білмегенді өзгелерден сұрап, тәжірибе алмасып жатасың. Қазақ зергерлері мен кубачиліктердің жұмыстарында айырмашылық бар. Біздің зергерлер темірге түзу және көлденең айқыш-ұйқыш етіп сызықтар түсіріп, оның бетіне күміс қақтайды. Ал кубачилік әдіс бойынша түзу сызықты терең қылып қазып, соған әшекейді қағып тастайды. Әр жердің өнері әртүрлі ғой», – дейді ұста, «Көк шоқы» шеберлер ауылының тұрғыны Мұхтар Наурызбаев.