Өзбекстан ұйымдарға тұрақсыз мемлекет пе?
Көршілес мемлекеттердің бірі Өзбекстанның халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасы туралы жиі айтылады. Өзбекстан тұрақсыз мемлекет пе?
Ернар Сләмбай, Алматы
Халықаралық ұйымдардың белгілі бір мақсатқа құрылып, мүше мемлекеттердің мүддесіне сай жұмыс істейтіні белгілі. Халықаралық деңгейдегі кез келген ұйымның жарғысында қандай да бір мемлекеттің күштеп енгізілмейтіні туралы жазылады. Яғни мемлекеттердің ұйымға мүше болуы ерікті түрде болады. Дәл осындай принциптермен Өзбекстанның бірнеше ұйымның құрамынан шығып кеткені рас. Мысалы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ол кезде келісім) 1992 жылдың 15 мамырынан 1999 жылдың 2 сәуіріне дейін ғана мүше болды. Ал 2006 жылдың 16 тамызында Өзбек елі аталған ұйымның қатарына қайта енді. Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа 2006 жылы мүше болған көрші елі ЕурАзЭҚ-тен 2008 жылы шығып кетті. Ал 1997 жылы Гүржістан, Украина, Әзірбайжан және Молдова құрған ГУАМ ұйымының қатарына Өзбекстан 1999 жылы қабылданған болатын. Ұйым атауы ГУУАМ болып та өзгертілді. Алайда президент Ислам Кәрімовтің шешімімен 2005 жылы аталған ұйымнан да шықты.