Шетелге шығатын төлқұжат алу үшін және фамилияңыздағы «ов», «ев» деген тіркесті алып тастау үшін қандай құжаттар талап етіледі?
Темірхан Жайдарханов, Қостанай облысы
Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатын алу үшін сізге тұрғылықты жеріңіздегі (ХҚКО) Халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш беріп, төмендегі құжаттарды ұсынуыңыз қажет:
– жеке куәлік (түпнұсқасы);
– азаматтарды тіркеу кітапшасы (түпнұсқасы);
– фотосурет, 3 дана (3,5х4,5);
– мемлекеттік баж салығын төлеген түбіртек.
Азаматтардың тегі мен әкесінің атын өзгерту тарихи қалыптасқан дәстүрге сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жыл 2 ақпандағы №2923 «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығы тұрғысында жасалады. Сондықтан Сізге ХҚКО-ға жеке куәлігіңізбен қоса жазбаша өтініш беруіңіз қажет. Керек болған жағдайда өтінішіңіздің орындылығын растау мақсатында қосымша құжаттар талап етілуі мүмкін.