Белгілі күйші, композитор Нұрғиса Тілендиев атамыз құрған «Отырар сазы» оркестрі қашан құрылған?
Әукен ДЕМЕСІНҰЛЫ, Атырау қаласы
«Отырар сазы» қазақ академиялық фольклорлық-этнографиялық халық музыкалық аспаптары оркестрін 1980 жылы Қазақ филармониясы жанынан Н.Тілендиев ұйымдастырды. Алғаш шағын ансамбль ретінде жұмыс істеді, 1982 жылдан оркестр. Мұндағы қосішекті, үш ішекті домбыралар, қобыз, сыбызғы, саз сырнай, жетіген, шаңқобыз, асатаяқ секілді ертеден белгілі музыкалық аспаптардың орындауындағы шығармалар өзінің ұлттық нақышымен ерекшеленеді. Кейіннен оркестрдің аспаптар құрамы кең шанақты және шіңкілдек домбыралар, нар қобыз, жез қобыз, мес қобыз (сазген), аса шертер, адырна, даңғыра т.б. музыкалық аспаптармен толықтырылды. Репертуарында халық күйлері («Кеңес», «Салкүрең», «Сарыөзен»), халық композиторларының (Тәттімбеттің «Қос басар», «Сарыжайлау», «Сылқылдақ»; Сүгірдің «Кер толғау», «Бес жорға»; Ықыластың «Ерден күйі», «Қамбар батыр»), осы заманғы қазақ композиторларының (М.Төлебаевтың «Еске алу»; Н.Тілендиевтің «Ата толғауы», «Аңсау», «Көш керуен»; К.Күмісбековтің «Фараби сазы», «Қорқыт күйі») шығармалары бар. Оркестр 1984 жылы Алматы қаласында өткен Бүкілодақтық фестивальға қатысты. 1985 жылы Мәскеудің П.И.Чайковский атындағы Үлкен концерт залында өткен шығармашылық концертте жоғары кәсіби орындаушылық шеберлігін танытты. Оркестр – Бүкілодақтық Комсомол сыйлығының лауреаты (1985).
«Отырар сазы» қашан құрылған?
Последние статьи автора