Өтініштерді қарау мерзімі қандай жағдайда ұзартылады?
Өз басым нақтылы себептермен тиісті мекемелерге өтініштер жолдап отырамын. Дегенмен көп жағдайда өтініштерді қараудың аяғы созылып кететінін көремін. Өтініштерді қарау мерзімдері қандай себептерге байланысты ұзартылады?
Нұржан, Алматы
ҚР Өтініштерді қарастыру тәртібі туралы заңына сәйкес, қарау үшін өзге субъектілерден, лауазымды тұлғалардан ақпарат алу не жергілікті жерге барып тексеру талап етілмейтін жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтініші күнтізбелік 15 күн ішінде қаралады. Қарау үшін өзге субъектілерден, лауазымды тұлғалардан ақпарат алу не жергілікті жерге барып тексеру талап етілетін жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтініші субъектіге, лауазымды тұлғаға келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде қаралады және ол бойынша шешім қабылданады. Қосымша зерделеу немесе тексеру жүргізу қажет болған жағдайларда қарау мерзімі күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, бұл туралы қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап күнтізбелік үш күн ішінде арыз берушіге хабарланады. Өтінішті қарау мерзімін субъектінің басшысы немесе оның орынбасары ұзартады. Егер өтініште баяндалған мәселелерді шешу ұзақ мерзімді талап етсе, онда өтініш түпкілікті орындалғанға дейін қосымша бақылауға қойылады. Бұл туралы күнтізбелік үш күн ішінде арыз берушіге хабарланады. Қазақстан Республикасының заңдарында өтініштерді қараудың өзге де мерзімдері белгіленуі мүмкін.