Өтілі жоқ жас маман қалай жұмысқа тұрады?
Мен осы жылы жоғары оқу орнын үздік дипломмен бітірген болатынмын. Мамандығым – бухгалтерлік есеп және аудит. Еңбек биржасына барып едім, «жаңа жылдан бастап қана тіркеу болады» деді. Жұмыс іздеп, көп жерлерге бардым, бәрі «еңбек өтілің жоқ» дейді. Қалай жұмыс табуға болады?
Гүлмира, Семей қаласы
Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңына сәйкес, мемлекет азаматтарға халықты жұмыспен қамту саласында жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауға, және жұмыспен қамтуға уәкілетті органдардың делдалдығы арқылы жұмыс таңдау мен жұмысқа орналасуда жәрдемдесуге кепілдік береді. Сонымен қатар жұмысқа орналастыруда нысаналы топ өкілдеріне жататын жоғары білім беру ордаларын бітірген түлектер басымдыққа ие болады. Осыған байланысты тұрғылықты мекеніңіз бойынша жұмыспен қамту органдарына жолығып, мамандығыңызға сай келетін бос жұмыс орны болған жағдайда жұмысқа орналасу мүмкіндігіңіз бар. Бұдан басқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында (www.enbek.gov.kz) «Вакансия» және «Резюме» бөлімдерінде жұмыс берушілердің мәліметінің негізінде, жұмыспен қамту органдары ұсынған өз өңіріңіз бойынша еңбек нарығындағы бос жұмыс орындарының тізімімен танысып, жұмыс берушіге резюмеңізді жолдау мүмкіндігі бар. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік қызметке мекемелерде жарияланатын конкурс негізінде түсуге мүмкіндігіңіз бар. Конкурстар туралы ақпаратты «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» басылымдары мен www.kyzmet.kz сайтынан білуге болады.