Әдетте, оркестрдегі музыканттар аспаптарын сайлап алып, дирижерді күтеді. Ол қашан орнына келіп тұрып, таяқшасын көтермейінше, концерт басталмайды. Оркестрге дирижер не үшін керек? Оның басты міндеті қандай?
Нұрлықыз АЛҒАБЕК, Қапшағай
Бірнеше музыкант өздігінен өнер көрсете алады, бірақ үлкен оркестрдің дирижерсіз күні жоқ. Себебі ол орындалатын әуеннің қарқыны мен ырғағын айқындайды. Дирижердің көрерменге сыртын беріп тұруын әдепсіздікке балағандар да болған екен. Бірақ беретін нұсқаулары музыканттарға жақсы көрінуі үшін де дирижерлер осылай тұруды жөн көрген.
Рас, дирижерлердің залдағы жұртшылыққа қарап тұратын кездері де болған. Бірақ ол кезде оркестрді музыканттардың бірі, негізінен, скрипкашы басқарған және скрипка ысқысының көмегіне сүйенген. Бүгінгі дирижерлердің таяқша ұстауының сыры да осында. Жылдар өте келе оркестрлер үлкейе берді. Музыканттар әрі ойнап, әрі өз әріптестерін басқарып үлгере алмайтын болды. Дирижер таяқшасы қазіргі түрінде ең алғаш 1812 жылы шықты. Көпшілікке ту сыртымен қараған тұңғыш дирижер – XIX ғасырдағы неміс композиторы Вагнер. Ол «әдепсіз» боп көрінуден қорықпады. Өйткені, ең бастысы, оркестрдің үйлесімді де шебер ойнауын мақсат етті.
Оркестрге дирижер не үшін керек?
Последние статьи автора