Мен университетте ақша төлеп оқимын. Үлгерімім жаман емес. Алайда тұмауратып екі күн қатарынан сабаққа келе алмағаным үшін мені оқудан шығарамыз деп жатыр. Жалпы, студент қандай жағдайларда оқудан шығарылады?
Студентті оқудан шығару мемлекеттік білім беру нормаларына сай төмендегі тәртіппен жүзеге асырылады:
– денсаулығына байланысты;
– академиялық үлгерімінің төмендігі;
– оқу тәртібін (студент ережесі мен университет Жарғысын) бұзғаны үшін;
– өз өтінішіне сәйкес;
– басқа оқу орнына ауысуына байланысты;
– келісімшартты бұзғаны үшін.
Сонымен қатар сессия қорытындысы бойынша үш және одан да көп пәннен қарыз болғандар, көрсетілген мерзімде үшке жуық қарызын өтемегендер, кәсіптік практика (іс-тәжірибе) бағдарламасын орындамағандар сессиядан соң бір ай ішінде оқудан шығарылады.
Көрсетілген уақытта емтихандарды дәлелді себептермен тапсыра алмаған студенттерге қосымша кесте белгіленеді.
Ал оқу ақысын төлемегені үшін оқудан шығарылған студент ақы төлеген уақыттан бастап (емтихан сессиясына екі апта қалғанға дейін) қайта қабылданады. Бірінші курста үлгермегендігі үшін және тәртіп бұзғандығы үшін шығарылған студент қайта қабылданбайды. Оқудан шығарылған студенттер он жыл ішінде қайта қабылдануға құқылы.