Мен Алматыдағы университеттердің бірінде бірінші курста оқимын. Жақында ата-анам Астанаға көшіп кетті. Енді мен де оқуымды ауыстыра аламын ба?
Марат ИМАНБЕКҰЛЫ, Алматы қаласы
Оқу орнын немесе мамандық пен курсты ауыстыру үшін мемлекеттік білім беру стандартында белгіленген нормаларды сақтап, тиісті талап-ережелерге бағыну қажет.
1. Белгілі бір мерзімде оқу жоспарын орындаған және қарызы жоқ студенттер өз өтініші бойынша:
– бір мамандықтан басқа мамандыққа;
– оқудың бір түрінен екінші түріне;
– бір оқу орнынан басқа оқу орнына;
– курстан курсқа ауысуына құқылы.
2. Күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттің ауысу туралы өтініші жазғы және қысқы демалыс кездерінде ғана арнайы комиссия мүшелерімен қаралады. Сыртқы бөлім студентінің ауысу туралы арызы кезекті емтихан сессиясы басталғанға дейін қаралады.
3. Бірінші курс студентінің бір мамандықтан екінші мамандыққа, оқудың бір түрінен екінші түріне ауысуына тыйым салынады.
4. Бірінші курстың студенті белгілі бір топтан екінші топқа тек қысқы сессияны толық және үлгілі тапсырғанда ғана ауыса алады.