Онсайыс деген не сайыс?
Жеңiл атлетикадағы онсайыста спортшылар қандай жаттығулар бойынша сынға түседi? Олардың ұпай есептеу тәртiбiнде де өзгешелiк бар сияқты.
Iлияс МАХМЕТОВ
Онсайыс – жеңiл атлетикадағы 10 түрлi жаттығудан (сайыстан) құралған спорт түрi. Онсайыс жарыстары екi күнге тең бөлiнiп өткiзiледi. Әрбiр спортшының көрсеткiшi есепке алынып, әр жаттығу бойынша ұпай берiледi. Мұнда спортшының әр сайыстағы (жаттығудағы) орындары маңызды емес. Маңыздысы, есепке алынатыны – көрсеткiшi, уақыты. Өзiндiк ұпай есептеу тәртiбi бар. Сол бойынша спортшылардың әр сайыстағы көрсеткiшi ұпайға айналдырылып, әр жаттығу сайын әлгi ұпайлар қосылып, қорытындысы шығарылып отырады.
Онсайыс – ертеден келе жатқан спорт түрi. Десек те, 1911 жылы ережелерi бекiтiлiп, 1912 жылы Олимпиада бағдарламасына енгiзiлген. Онсайыста атлеттер бiрiншi күнi 100 метрге жүгiруден, ұзындыққа секiруден, салмағы 7,26 келi ядро серпуден, биiктiкке секiруден, 400 метрге жүгiруден, ал екiншi күнi кедергiлер арқылы 110 метрге жүгiруден, салмағы 2 келi дискiнi лақтырудан, сырықпен секiруден, салмағы 800 грамм найза лақтырудан, 1500 метрге жүгiруден сайысқа түседi. Әр сайыс арасындағы уақыт айырмасы 30 минуттан кем болмауы керек.