Өмір сүруге қай ел қолайлы?
Әлемдегі барлық мемлекеттердің арасынан қай елдің денсаулық сақтау саласын ең үздік деп тануға болады?
Бауыржан Қашағанов, Жамбыл облысы
Жуырда Legatum халықаралық тәуелсіз зерттеулер институты мемлекеттердің өмір сүру деңгейінің 2011 жылғы рейтингісін жариялады. Бұл зерттеуде тұрғындардың әлеуеттік жағдайы, көңіл күйі, қауіпсіздік деңгейі, денсаулық сақтау мекемелері мен білім беру орталықтарының сапасы, елдің климаттық жағдайы есепке алынды. Сол бойынша алғашқы бестікке Норвегия, Дания, Финляндия, Австралия, Жаңа Зеландия елдері енді. Ал, керісінше, өмір сүруге ең қолайсыз аймақтар ретінде Зимбабве, Судан, Йемен, Орталық Африкалық Республика, Камерун елдері аталды. Жекелеген салалар бойынша қарастырса, ең қауіпсіз ел ретінде – Исландия, экономикалық көрсеткіштер бойынша ең дамыған ел ретінде – Норвегия, жеке бизнес ашуға ең қолайлы ел ретінде – Дания, Мемлекеттік басқарулары ең тиімді ел ретінде Швейцария танылды. Ал денсаулық сақтау саласының сапасы бойынша АҚШ мемлекеті, білім беру саласының сапасы бойынша Жаңа Зеландия озат шықты.