Олимпиада алтыны таза алтыннан жасала ма?
Олимпиада ойындарында жеңiмпаздарға табыс етiлетiн алтын медаль таза алтыннан жасала ма?
Мадина РАҚЫШ
Негiзi, Олимпиада ойындарында жеңiмпаздарға табыс етiлетiн алтын медальдi жасауға нақты талап қойылған. Алтын медальдiң қалыңдығы – кем дегенде 3 мм, ал диаметрi 60 мм болуы тиiс. Бiрiншi орын алған спортшыларға берiлетiн медаль 925 сынақты күмiстен жасалып, 6 грамм саф алтын жалатылған болуы керек. Бiрақ алтынның сынағына талап қойылмайды. Ал күмiс медаль мiндеттi түрде 925 сынақты күмiстен жасалуы керек. Қола медаль қоладан жасалады.
1896 және 1900 жылғы Олимпиада ойындарында алғашқы екi орын алған спортшыларға ғана медаль берiлген. Чемпиондарға алтынға буланған күмiс медаль берiлсе, екiншi орын алғандарға қоладан жасалған медаль тапсырылған. Тек 1904 жылы үшiншi орын алғандарға естелiк медаль табыс етiлдi. 1908 жылы Лондонда бiрiншi орын алған спортшыларға 583 сынақты таза алтыннан жасалған медаль табысталды. Бiрақ бұл медальдардың диаметрi 33 мм ғана болды. Екiншi орын алғандарға – күмiс, ал үшiншi орын иемденгендерге қола медаль табыстау осы олимпиададан басталды. 1912 жылы жеңiмпаздарға соңғы рет таза алтыннан жасалған медальдар табыс етiлдi. Содан берi чемпиондарға алтын жалатылған медальдар берiлiп келедi.
1960 жылға дейiн медальдар жүлдегерлердiң қолдарына ұстатылатын. 1960 жылы Римде алғаш рет Олимпиада медальдарына спортшылардың мойындарына салуға болатын зәйтүн бұтағы тәрiздi жiңiшке бау тағылды. Содан берi медальдарға бау немесе таспа тағылып келедi.