Нобель сыйлығының лауреаты болған футболшы
«Футболшылар қайырымдылық қорына атсалысты», «футболшылар жануарларды қорғау туралы ұйымға мүшелікке кірді», «футболшылардың ішіндегі пәленше деген ойыншы осындай атаққа ие болды», «сауалнама бойынша түгенше деген футболшы ең сымбатты жігіт болып танылды» деген талай жаңалықты естідім. Бірақ футболшыларға Нобель сыйлығын береді деп ойламаппын. Бақсам, футболшылар арасында мұндай мәртебелі атақты иеленгені бар екен. Ол кім? Аяқпен ғана емес, мимен де қызмет ететін футболшы туралы білгім келеді.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, Тараз
Қазіргі физиканың іргетасын қалаушылардың бірі, Бор теоремасының авторы, кванттық физикаға түрен салған айтулы ғалым Альберт Эйнштейннің жақын достарының бірі Нильс Бор – футболшылардың ішінде Нобель сыйлығын иеленген жалғыз әрі соңғы ойыншы. Нильс Бор доп қуумен бала кезден әуестенген. Нәтижесінде інісі Харальд екеуі Дания құрамасына қабылданып, даттардың басты құрамасы қатарында бірнеше ойын өткізді. Бірақ футболшылар арасындағы ең мықты математик, ал математиктер арасындағы ең мықты футболшы Нильстің інісі Харальд Бор еді. Копенгаген университетінде оқып жүрген ағайындыларға ұлттық құрамадан шақырту түседі. 1908 жылы футбол Олимпиада ойындарына тұңғыш рет енгізілді. Сол кезде Нильстің інісі Харальд Дания құрамасының қақпасын қорғап, даттар ақтық сында ағылшындардан 0:2 есебімен ұтылып, күміс жүлдені қанағат тұтты. Олимпиадаға бас бапкер Нильсті апарған жоқ, бірақ Дания құрамасының қатарында ол бірнеше матч өткізді. 1922 жылы Нильс Борға физика ғылымындағы ерен еңбегі үшін Нобель сыйлығы табысталды. Мінеки, спортшылар арасында да ғылыммен әуестенетіндер бар. Мәселен, Ресей құрамасының қақпашысы Вячеслав Малафеев спортшылардың матч алдындағы психологиялық дайындығы турады кандидаттық диссертациясын қорғамақшы. Сонымен қатар Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Давид Лория мен боксшы Ермахан Ыбырайымовтың да педагогика ғылымының кандидаты деген атағы барын ұмытпаңыз.