«Нюрнберг соты» деген не?
«Тарих соты» аталып кеткен Нюрнберг соты жайлы білсем деп едім. Оның Алманиядағы осы аттас қалаға қандай қатысы бар?
Күнсая ҚАБЫЛДИНА, студент
Нюрнберг соты – гитлерлік Германияның бұрынғы жетекшілеріне қарсы өткен халықаралық сот отырысы. 1945 жылы қарашаның 20-сында Германиядағы Нюрнберг қаласының әскери трибуналында басталған отырыс 1946 жылдың 1 қазанына дейін созылған. Уикипедия мәліметтеріне сүйенсек, нацистерге қарсы сот отырысын өткізу жөніндегі алғашқы ұсынысты Тегеранда болған одақтастар кездесуінде Сталин алға тартқан көрінеді. Соның нәтижесінде Халықаралық әскери трибунал құрылып, сот отырыстарын Берлинде өткізу жөнінде шешім қабылданыпты. Алайда Берлинде сот процесін өткізетін бірде-бір сау ғимарат қалмағандықтан, таңдау Нюрнберг қаласына, дәлірек айтқанда, 22 000 шаршы метр аумақты алып жатқан Фюртерштрасстағы сот төрелігі сарайына түскен. Бүгінде мұражайға айналған бұл сарайда сол кездегі сот отырысынан түсірілген суреттер әлі де сақтаулы көрінеді.