Несие алу үшін жер телімін кепілге қоюға бола ма?
Менің 8 соттық жер телімім бар. Оны кепілге қойып, несие алуыма бола ма? Жалпы, жер телімін кепілге қою шарты қай сәттен бастап жасалды деп есептеледі?
Боранбай, Шымкент қаласы
Жекеменшiк құқығында немесе уақытша өтеулi ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығында жер учаскелерi бар жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар кепiлге берушi бола алады. Мемлекеттiк жер пайдаланушылар осы Жер кодексінде белгiленген тәртiппен өздерiне тиесiлi тұрақты жер пайдалану құқығын кепiлге беруге құқылы.
Жеке және заңды тұлғалар кепiл ұстаушылар болуы мүмкiн. Ортақ бiрлескен меншiктегi немесе ортақ бiрлескен жер пайдаланудағы бөлiнбейтiн жер учаскесiн кепiлге беруге, ортақ меншiкке немесе ортақ жер пайдалануға қатысушылардың барлығының жазбаша келiсiмi болған кезде жол берiледi.
Кепiл жер учаскесi орналасқан жер бойынша жылжымайтын мүлiкке құқықты және онымен жасалатын мәмiлелердi тiркейтiн органдарда мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден бастап, жер телімiн кепiлге салу құқығы немесе жер пайдалану құқығы туындайды және шарт сол сәттен бастап жасалды деп есептеледі (ҚР Жер кодексiнің 79-бабы).