«Неміс машинасының» сыры
ОАР-да өткен футболдан әлем чемпионатын тамашалап отырып, комментаторлардың Германия құрамасын «неміс машинасы» деп жиі айтатынын байқап қалдым. Менің сұрайын дегенім, Йоахим Лев шәкірттерін неліктен «неміс машинасы» деп атайды?
Дәурен Ермекбайұлы, Алматы қаласы
— Германия ойнағанда көзіңе жолындағы кедергінің барлығын жайпап бара жатқан машина елестейді. Бұларды неміс машинасы дейтініміз де сондықтан болар, — деп жауап берді әлем чемпионаты кезінде комментаторлық міндетті атқарған журналист әріптесіміз Жандос Айтбайұлы. Дегенмен Германия құрамасына «неміс машинасы» деп лақап ат қоюды біздің комментаторлар емес, шетелдіктер ойлап қойған. Тіпті өз елінің футболсүйер қауымы да Германия футболшыларын «неміс машинасы» деп атайды. Жалпы, Германияны бұлай атау қай жылдан бері бастау алғаны туралы деректерде көрсетілмеген. Алайда мамандар «Германия сапалы, әрі берік автокөліктердің отаны саналғандықтан, сондай-ақ, футболшыларының да ойын өрнегі көз алдыңа сол машинаны елестететіндіктен, бұл құрама «неміс машинасы» деген лақап атқа ие», — деген тұжырымды жоққа шығармайды. Дегенмен Германия құрамасының «неміс машинасы» деген лақап атынан бөлек, «бундестим», «немістер» деген лақап аттары да бар.