Немере тәтті, заң қатты
Немерем өзіме бауыр басып кеткен, бірақ әке-шешесі оның менің қолымда болғанына қарсы. Сәбиді өз тәрбиеме қалай алуыма болады?
Қанымкүл СЕЙДАХМЕТҚЫЗЫ, Ақтөбе қаласы
Қазақстан Республикасының «Бала құқықтары туралы» заңында баланың мүддесіне қайшы келмеген жағдайда оның өз ата-анасын білуіне және өзі қалаған отбасында тәрбиеленуге құқығы бар. Баланың отбасындағы құқықтары да заңда бекітілген. Ата-анасы сәбиді күтіп-бағуға, материалдық жағынан қамтамасыз етуге, жан-жақты дамытуға міндетті. Негізі, баланы туған ата-анасының қамқорлығынан айыруға заңмен тыйым салынады. Егер ата-анасы бала тәрбиесіне жеткілікті мән бермей отырған жағдайда сәбидің құқығы қорғалып, осыған қатысты тиісті шешімді сот органдары шығаруы қажет. Ажыраспақ болған ерлі-зайыптылар балаларының тұрғылықты мекенжайын екеуара келісіп шешуі тиіс.