Неке жасын төмендетуге бола ма?
9-сыныптан кейін колледжге оқуға түскен едім. Сол жерде өмірлік жарыммен кездестім. Бірақ заңды жолмен некеге тұрайын десек, АХАЖ қызметкерлері жасымыздың 18-ге толмағанын алға тартып, неке куәлігі берілмейтінін айтты. Енді біз заңды некеге тұру үшін 18-ге толуды күтуіміз керек пе?
Әлия, Талғар қаласы
Ата Заңымызда неке жасы еркектер мен әйелдер үшiн 18 жас болып белгiленген. Бірақ дәлелдi себептер болса, азаматтық хал актiлерiн жазу органдары неке жасын екi жылдан аспайтын мерзiмге төмендете алады. Неке жасын төмендету туралы өтiнiштi некеге тұруға тiлек бiлдiрушiлер немесе олардың ата-аналары, не қорғаншылары (қамқоршылары) белгiленген неке жасын төмендету қажеттiгiн туғызатын себептердi көрсете отырып қозғай алады. Сонымен қатар барлық жағдайларда неке жасын төмендетуге тек некеге тұрушылардың келiсiмiмен ғана жол берiлетінін ескергеніміз жөн. Ал ері де, әйелі де неке жасына толмаған жағдайда екі жақтың да ата-аналарының не қорғаншыларының келiсiмi қажет.