Науқанға ұласқан саяси ұрандар
Қазіргі кезде көп саяси ұрандарды поп-музыка әншілері айтып, сол ұрандар жазылған киімдер киюді сәнге айналдырды. Саяси ұрандардың пайда болуы туралы айтып бересіздер ме?
Ершат БЕЛГІБАЙ, Талдықорған қаласы
Саяси ұрандар алғашқы кезде халықтың санасын белгілі бір бағытқа жұмылдыруға бағытталған саяси ұрандар үлкен науқанға ұласып, кейбірі кейіннен санаға сіңіп, қанатты сөздерге айналып кетті. «Қуып жетіп, басып озайық», яғни Американы басып озу деген Лениннің 1917 жылы айтқан ұраны КСРО құлағанша ескірмеді. Сол сияқты «Наш ответ Чемберлену» деген 1927 жылы Англия үкіметінің жіберген нотасына Кеңес үкіметінің осындай жауабы кейіннен әдебиет пен әндердің тезисіне айналып кетті. Ертеде Мұса пайғамбардың перғауыннан «Менің халқымды босат» деген ұраны кейіннен АҚШ-тағы африкалық құлдардың әнінде көп қолданылды, бұл ұранды әнші Пол Робсон әніне қосты. 1960-1980 жылдары осы ұранмен КСРО-дан Израильге кеңестік еврей жұрты еркін көшірілді. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген Сталиннің ұранымен кеңес халқы фашизммен күресті. «Еркіндік, теңдік, бауырластық» деген Франциядағы ұран көптеген партиялардың сүйікті девизіне айналды. Кейбір саяси ұрандар жаулыққа шақырады. Мысалы, «Србе на врбе» деген ұран ұлтшыл хорваттар мен босниялықтардың «сербтерді дарға асайық» дегенін білдіреді.