Найзағайдан қалай сақтануға болады?
Соңғы кездері «найзағай түсіпті» дегенді жиі еститін болдық. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, алдын ала сақтану шараларын білгеннің артықтығы болмас. Найзағайдан қалай сақтануға болатыны жайлы мамандар кеңесіне жүгінгім келеді.
Ақбүбі ТАЛАСОВА, Алматы
Өткен аптада Астана қаласындағы найзағайдан бір сәтте 10 адамның зардап шегуі жай оғының қаншалықты қауіпті екенін аңғартып өткендей. Сондықтан күн бұлттанып, найзағай қаупі біліне бастаған кезден бастап төмендегідей қауіпсіздік шараларын ескеру қажет. Мамандардың айтуынша, найзағай жарқылдаған кезде суға жақындамау керек. Сондай-ақ темірден жасалған заттардан да аулақ болған жөн. Тағы бір ескерте кетер жайт – найзағай ойнаған кезде ашық жерде және жалғыз тұрған ағаш түбінде тұруға, таулы жерде жартастарға жасырынуға болмайды. Мүмкіндігінше, су киім кимеген жөн. Және электр зарядтары мен зақымдану мүмкіншілігі жоғары жерлерден аулақ тұру қажет.