Музыканың ырғағымен төбелесу
Теледидардан капоэйра деген спорт түрін көрсетіп жатады. Ол өзі қай жақтан шыққан, Қазақстанға қанша қатысы бар?
Соқталбай БАЛҒАБЕКОВ, Астана қаласы
Бұл спорт түрінің тарихы тереңде жатқан көрінеді. Шығу тегін мамандар афро-бразилиялық деп жүр. Негізінен, бразилияның жекпе-жек өнері. Тарихқа жүгінсек, осыдан бір жарым ғасыр бұрын Африка тайпалары арасында еркектер өздерінің мықтылығын таныту үшін еңкейіп, аяқпен осы капоэйра өнерін көрсеткен екен. Содан жылдар өте бұл жалпыхалықтық сипат алып, акробатикалық элементтер қосылған. Былайша айтқанда, аяқпен әр түрлі қимыл жасайсыз. Бертін келе мұны жекпе-жек түріне орайластыра бастаған. Қазір әртүрлі турнирлер өткізіліп тұрады. Бір ерекшелігі, үнемі музыканың ырғағымен қарсыласыңызға тек аяқпен ғана соққы жасайсыз.
Біздің елде де капоэйра федерациясы құрылған. Оның президенті әрі осы спорт түрінен жаттықтырушы – Рүстем Балабаев. Бұл спорт түрімен Алматы, Астана, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында айналысушылар көп.