Естуімше, «Алты жасар Алпамыс» фильміндегі Мұнар ата рөліне әуелде Кененбай Қожабеков бекітілген екен. Ал не себепті Қанабек Байсейітов түскен?
Манар НҰРБЕРГЕН, Қапшағай
Мүгедектік арбаға ерте таңылған Кененбай Қожабековтің таланты мезгілсіз сөніп қалмауы үшін Абдолла Қарсақбаев оны әрбір фильмінен сырт қалдырмауға тырысқан екен. Содан ол «Алты жасар Алпамыстағы» Мұнар ата рөліне де әуелде актер досын бекітеді. Бұл жөнінде Кененбай Қожабеков өзінің бір естелігінде: «Абдолла тағы да мені «Алпамысқа» түсуге шақырды. Сценарийді оқып, көңіліме тоқып, гримделуге бардым. Көпті көрген, ауылдың дана қарты, бұрынғы балуан шал бейнесі көз алдыма келді. Фильмге түсер алдында гримделіп болып, айнаға қарадым. Әлгі Абдолла көкейіндегі, сценарийдегі дана қария тұлғасына сырт пішінім ғана емес, ішкі жан дүнием, ой-сезімім үйлеспейтін сияқты. Шығара алмай, күлкіге қалам ба деп қорқып, күдіктене бердім. Бұл образ Қанекеме келіп тұр ғой деген ойда қалдым. Жапсырған сақал-мұртымды жұлып тастап, коляскімен жүріп кеттім. Машинама мінейін деп жатқанда қалбаңдап Абдолла келді. Мен бас тарттым. «Бұл – нағыз Қанекеңнің рөлі», – деп шынымды айттым», – дейді. Сөйтіп, Мұнар ата рөлін Қанабек Байсейітов ойнап шығады. Кененбай Қожабеков айтса, айтқандай, Мұнар ата бейнесі Қанабек Байсейітовтің сомдауында өте сәтті шықты. Бұл – сондай-ақ өнер шеберінің кинода жасап кеткен соңғы бейнесі.
Мұнар атаны неге Қанабек Байсейітов сомдады?
Последние статьи автора