Мұнай-газ нысандары қауіпсіздік талаптарына сай ма?
Елімізде мұнай-газ кәсіпорындарындағы қауіпсіздік мәселесі қалай тексеріледі? Олардағы төтенше жағдайлардың алдын алумен кім айналысады?
Бауыржан, Алматы қаласы
Әрбір мекеме-кәсіпорын өз аумағындағы өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, алдын алуға және салдарын жоюға міндетті. Ал мемлекеттік құрылымдардан мұнай-газ саласы кәсіпорындарындағы төтенше жағдайлардың алдын алу ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлар мен өнеркәсіп қауіпсіздігін мемлекеттік бақылау жөніндегі комитетінің құзырына кіреді. 2010 жылы елімізде мұндай нысандарға қатысты 982 тексеру жүргізілген. Тексеріс нәтижесінде 12 мыңнан астам заңсыздық анықталып, мұнай-газ өндіруші 172 нысанның жұмысы тоқтатылды. 514 қызметкер жауапкершілікке тартылып, 347 түрлі айыппұл салынған. Қазіргі уақытта қауіпті саналатын өндірістік нысандар басшылығы мен Төтенше жағдайлар министрлігі арасында болуы мүмкін апаттар мен төтенше оқиғалар кезінде бірігіп әрекет ету жөнінде өзара ықпалдасу шаралары қолға алынған.