Мүйіз салығы деген қандай салық?
Теледидарды қосып қалсам, 1930-жылдардағы аштық кезінде қазақтар орыстарға мүйіз салығын төлеген деп айтып қалды. Осы мүйіз салығы деген не? Бұл туралы қандай мәлімет бере аласыздар?
Ардақ, Үржар ауданы
Ел ішін ашаршылық жайлаған нәубетті жылдарда «мүйіз салығы», «сүйек салығы» деген де салықтардың болғанын тарихшылар растайды. Яғни қазақтарға жапан далада шашылып жатқан сүйектерді, аң терілерін, мүйіздерді жинап өткізу міндеттелген. Сөйтіп, қазақтар тышқанның терісін өткізу үшін тышқан аулаған. Мал қырылса, сүйегін, мүйізін, терісін түгел сыпырып алып, орталыққа жөнелтуге мәжбүр болған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау науқаны ел аштан қырылып жатқанда да тоқтамаған. Сталин 1932 жылы Голощекинге жазған хатында: «Егер ет дайындау науқаны тапсырмаларын орындамайтын болсаң, біз Кавказда қолданған жазалау шараларын сендерге де қолданамыз, орныңнан босатамыз, жер аударамыз, концлагерьге айдаймыз», – деп қоқан-лоқы жасайды. Ал «шаш ал десе, бас алатын» Голощекин орталық нұсқауларын бірінші орынға, қазақ халқының мүддесін ең соңғы орынға қойып, қазақ даласын қу сүйектерге толтырған...