Үш баламыз бар. Бес жасар қызымыз – ІІ топ мүгедегі. Әйелім сол қызымызға қарап, жұмысқа шыға алмай отыр. Осы орайда біздің білгіміз келгені, мүгедектерге арналған қандай жәрдемақылар, әлеуметтік, медициналық көмектер бар? Ол жайлы қай заңдарда көрсетілген?
Жайлаубаевтар, Шығыс Қазақстан облысы
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» 1997 жылғы 16 маусымдағы Заңына сәйкес, мүгедектерге мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мүгедектік тобы мен себебіне байланысты тағайындалып төленеді. Сонымен қатар мүгедектерге «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» 1999 жылғы 5 сәуірдегі Заңына сәйкес арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Егер сіздің қызыңыз мүгедек деп танылса, аталған төлемдерді алу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығына хабарласуыңыз қажет. ҚР «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» 2005 жылғы 28 маусымдағы № 63-ІІІ Заңына сәйкес, отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыста белгіленген азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақыға үміткер бола алады. Сондай-ақ ҚР «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі № 246 Заңы негізінде отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыста белгіленген кедейлік шегінен төмен болған жағдайда мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы. Осы аталған мәселелер бойынша сіз тұрғылықты жеріңіздегі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен хабарласуыңыз керек. Бұған қоса облыс, қала және аудан әкімдері өз құзыреті шегінде бюджет қаражаты есебінен азаматтардың жекелеген санаттарына, оның ішінде аз қамтылған отбасыларына, мүгедектерге материалдық және әлеуметтік қолдау көрсетуге құқылы. Бұл мәселе бойынша жергілікті әкімдікпен хабарласуыңызға болады.
Мүгедектерге арналған қандай жәрдемақылар, әлеуметтік, медициналық көмектер бар?
Последние статьи автора