Менің білгім келетіні, әлемдегі монархиялық мемлекеттер қандай және олардың мәні, ерекшелігі неде? Монархиялық елдерді ортағасырлық сипатта қалып қойды деп есептеуге бола ма?
Сіз сұрап отырғандай, қазіргі монархиялық елдерді ежелгі және ортағасырлық тұрпатта қалып қойды деп есептеуге болмайды. Монархиялық басқару жүйесі сан ғасырлар бойы өзгеріске ұшырады. Қазіргі кезде монархиялық билік абсолюттік және конституциялық болып екіге бөлінеді. Абсолюттік монархия – мұраланған тақ иесінің (монархтың) ешқандай заңдармен шектелусіз, өз қалауынша дара билік жүргізуі. Араб елдері абсолюттік монархияға жатады. Ал конституциялық монархияда мұрагер билік иесі өкілдік функция атқарып, мемлекеттің өзге сайланатын басқару органдарымен бірлесіп, демократиялық ұстанымдармен үйлесім тауып отырады. Оның мысалы: Британия мен Жапония. Сонымен, Еуропада –Андорра, Бельгия, Ватикан, Британия, Дания, Испания, Лихтеншейн, Люксембург, Монако, Нидерланды, Норвегия, Швеция, Азияда – Бахрейн, Бруней, Бутан, Иордания, Камбоджа, Катар, Кувейт, Малайзия, БАӘ, Оман, Сауд Арабиясы, Тайланд, Жапония, Африкада – Лесото, Марокко, Свазиленд, Америкада Багам, Барбадос, Белиз, Гренада, Канада, Ямайка және т.б. монархиялық елдер бар.