Адам ағзаларының бәрінің өз орны мен қызметі бар, десе де, барлық ағзалардың жұмысын реттеп, үйлестіретін, бақылап, басқаратын мидың рөлі ерекше. Егер сіз бір ағзаңызға салмақ салмай, жұмысын азайтсаңыз, біраз уақыт өткенде әлгі ағзаңыз өз міндетін дұрыс орындамайтын жағдайға жетіп, әлсірей бастамақ. Мәселен, көп қозғалмай, үнемі жұмсақ орындықта отыратын немесе жататын адамның аяқ бұлшық еттері семіп, жүру қабілетінен айрыла бастайды.
Ми жұмысының нашарлауы неден байқалады
Адам өмір бойы алатын ақпараттарының 70-80 пайызын 15 жасқа дейін алады екен. Балалық және бозбалалық шақта адамның жады, яғни есте сақтау қабілеті өте жоғары болады, ми да аса белсенділікпен жұмыс істейді. Міне, осы уақытта адам болашақ білімінің іргетасын қалайды.
Жастық шақта да ілім-білімге деген ынта-ықылас онша кеми қоймайды және жадының жұмысы да біршама жоғары болады. Осы кезеңде көп адамдар жоғары оқу орынына түсіп, арнайы мамандық алып шығады, ал ынта қойғандар білімін одан әрі жетілдіріп, ғылыммен айналысады. Бірақ, мектеп бітірген соң-ақ, оқу дегенді мүлдем қойып, қара жұмыс істеп, отбасы құрып, тіршілік қамына түсетіндер де аз емес.
Енді осы арада мына нәрсеге назар аударыңыз: жұмыс істемеген ағзаның көп ұзамай өз міндетін орындау қабілеті нашарлап, әлсірей бастайтыны белгілі. Егер сіз миыңызды жұмыс істетпей, ғылым-білім алуды, санаңызды жаңа ақпараттармен үнемі толықтырып отыруды қойсаңыз, онда мидың өз міндетін орындау қабілеті ақырындап нашарлап, жалпақ тілмен айтқанда адам топастана бастамақ.
Өмір бойы оқып, ғылым-білім алатын адам мен оқуды мүлдем тоқтатып, тіршілік қамына көшкен жанның арасында үлкен айырма бар. Ғылым-білім үйренетін адамның миы әрдайым белсенді жұмыс істейді, сондықтан ол жаңаны білуге құштар болады, заман ағымына сай білімі мен біліктілігін үнемі жетілдіріп отырады. Ал керісінше, оқуды тастаған адам жаңа ақпарат алып, білімін жетілдіруді былай қойып, өзінің нан тауып жеп жүрген кәсібін дұрыс атқаруға да жете көңіл бөлмейді.
3 миллиард клеткадан тұратын күрделі құрылым
Мида 3 миллиардтан астам клетка бар екен. Адам қатты ұйқыда жатқанда да мидың біраз учакелері жұмыс істеп тұрады. Мәселен, тамақты қорытуға, ұйқыға жауап беретін ми учаскелері ұйықтап жатқан кезде де тоқтаусыз жұмыс істейді. Бір қарағанда, адамның қимыл-қозғалысы, жалпы тірлігі соншалықты күрделі көрінбесе де, әрбір қимыл-қозғалыс, ағзалардың жұмысы – бәрі мидың бақылап, басқаруымен жүзеге асырылады.
Адам тәнінің жұмысын басқарып үйлестірумен мидың жұмысы бітпейді. Бұндай қабілет барша жан-жануарларда, хайуандарда да бар. Ал адамның олардан ерекшелігі сонда – ол ғылым-білім үйреніп, өзін интелектуалдық, рухани жағынан дамыта алады. Осыған орай, адам миының көлемі мен құрылымы жан-жануарларға қарағанда біршама жақсы жетілген және күрделі.
Егер адам жаңа ақпараттар алып, жәңа кәсіп үйреніп, өзін интелектуалдық жағынан үнемі жетілдірмесе, онда ми табиғи функцияларын, яғни тамақтану, қозғалу, ұйықтау, шағылысу сияқты әрекеттермен ғана шектеледі де, интелектуалдық, рухани жағынан дамуға жауап беретін клеткалар ақырындап өле бастамақ.
Мидың жалқаулығы неден көрінеді?
Егер сіздің жаңа ақпараттар алуға, кәсіби біліміңізді жетілдіруге немесе тіл үйренуге, жаңа мамандық алуға құлшынысыңыз болмаса, ештеңе оқуға, видео-аудиосабақтар тыңдауға құлықсыз болсаңыз – бұл мидың жалқаулығының көрінісі. Бұндай адамдар әдетте интелектуалдық жағынан жетілдіретін пайдалы ақпараттарға емес, адамды топастандыратын жеңіл ақпараттарға, анекдоттар мен бос әңгімелерге, желікпе әуендерге, түрлі ойындар ойнауға құмар болады. Күнұзақ әлеуметтік желілерде отырып, еш пайдасы жоқ ақпараттармен санасын толтырады.
Әдетте бұндай адамдарға пайдалы ақпарат бере бастасаң, сәлден соң-ақ оны ұйқы қысып, қалғи бастайды. Әбден қасаңданған ми бостекі жеңіл ақпараттардың орнына ұсынылған ойландыратын, мидың ұйықтап қалған қатпарларына қуат жүгіртіп, оятатын ақпараттарды қабылдамайды.
Миды жұмыс істетіп, үнемі жаңа ақпараттар алып отыратын адамдарға қарағанда, ештеңе ойланбай күнделікті тұрмыс ағымымен өмір кешетін жандар ұмытшақ келеді және қартайған сайын алжасып, жалпақ тілмен айтқанда алжи бастайды.
Түйін: егер сіздің бойыңыздан мидың жалқаулығы сезіле бастаса, бұл қатердің жедел алдын алу шараларын қолға алыңыз. Ол үшін күн сайын тым болмаса 15-20 минут пайдалы ақпараттар алыңыз, кітап оқыңыз, тіл үйреніңіз, өзіңізге қажетті жаңа мамандықтарды игеріңіз. Осылайша мидың жұмысын қамтамасыз етіп, оның дамуға жауап беретін клеткаларының өліп-семіп қалуына жол бермеңіз. Бұл сіздің қартайғанша санаңыздың ашық болуын, жұмыста да, тұрмыста да жақсы жетістіктерге жетіп, денсаулығыңыздың мықты болуын қаматамсыз етеді.