Меркалли шкаласы нені өлшейді?
Жер сілкінісінің қуатын Меркалли деген шкаламен де өлшеп жатады. Бұл қандай өлшем? Өзге шкалалардан айырмашылығы не?
Жанболат ТӨЛЕУБЕКОВ, Алматы қаласы
Жер сілкінісінің қуатын халықаралық өлшем бірлігі ретінде қабылданған бірнеше шкаламен өлшейтінін білеміз. Зілзаланың қуатымен бірге, оның интенсивтілігін өлшейтін де шкалалар бекітілген. Ресейде сілкіністің қарқынын Медведев-Шпонхойер-Карник шкаласымен, Еуропада еуропалық макросейсмикалық шкаламен, АҚШ-та Меркалли шкаласымен, Жапонияда Жапон метеорологиялық агенттігінің 7 балдық шкаласымен өлшейді. Меркалли өлшемі бойынша жер сілкінісінің жітілігі сыртқы белгілер бойынша мөлшерленеді. Мұны америкалықтар әдетте жерасты дүмпулерінің қуаты мен басқа да ерекшеліктеріне қатысты дәл мәліметтер болмаған жағдайда қолданады. Бұл шкалада интенсивтілік Рим цифрларымен белгіленеді. Қазіргі уақытта ғылымның соңғы жаңалықтары мен озық технологиялардың арқасында Меркалли әдісі бірте-бірте қолданыстан ығыса бастады. Бұл өлшем бірлігі Джузеппе Меркаллидің есімімен аталған.