Мереке күндері бас қалалар арасына қосымша пойыз қатынайды
Жыл сайын мереке күндері Алматы мен Астана арасында қосымша пойыздар жүретін еді. Биыл вагондарда орын мен билет тапшылығы болмай ма?
Марат Орынбаев, Алматы қаласы
«Қазақстан темір жолы» ҰК «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Наурыз мерекесіне орай Астана мен Алматы бағытына қосымша пойыз шығарылады. Бұған жолаушылардың сұранысы себеп болған. N 36/35 жүйрік пойызы жеті вагоннан тұрады, 288 орны бар. Қосымша құрам «Астана» стансысынан наурыздың 18-і күні жергілікті сағат 22.05-те жолға шығып, келесі күні «Алматы-2» стансысына келуі тиіс. Наурыздың 20-сы күні 14.44-те пойыз Алматыдан елорданы бетке алады. Екі бас қала арасына әдеттегі пойыздар да қатынайтын болады. Наурыздың 16-23-і аралығында еліміздің басқа да аймақтарындағы бағыттардың қажеттілігі үшін барлығы 134 қосымша вагон іске қосылмақшы.