Мемлекеттік хатшы – әр елде әртүрлі лауазым
Әр елдерде кездесетін Мемлекеттік хатшылар қандай міндет атқарады? Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік хатшы қандай өкілеттіктерді жүзеге асырады?
Әсел Қуатқызы, Алматы
Ұлыбританияда қорғаныс істері, ішкі істер және Шотландия істері жөніндегі Мемлекеттік хатшы лауазымы бар. Бельгияда Мемлекеттік хатшы премьер-министрдің орынбасары болып саналады. Ал АҚШ-та Мемлекеттік хатшы конституция бойынша кеңесші орган болып саналғанымен, іс жүзінде сыртқы істер министрінің қызметін атқаратын сыртқы саясат басқармасы – мемлекеттік департаментті басқарады. Қазақстанда Мемлекеттік хатшы лауазымы – ҚР Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын жоғары лауазымдардың бірі. Мемлекеттiк хатшы өз қызметiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң тiкелей басшылығымен жүзеге асырады, оған есеп бередi және бақылауында болады.Мемлекеттiк хатшы мынадай өкiлеттiктердi жүзеге асырады: ҚР Президентi үшiн iшкi және сыртқы саясаттың негiзгi бағыттары бойынша ұсыныстар тұжырымдайды; Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша: ҚР Парламентімен және оның палаталарымен, басқа да мемлекеттiк органдармен, саяси партиялармен және өзге де қоғамдық бiрлестiктерiмен қарым-қатынастарда; халықаралық қатынастарда оның мүдделерiн бiлдiредi, Мемлекет басшысының жанындағы консультативтiк-кеңесшi органдардың қызметiн үйлестiредi; Қазақстан Республикасында қоса атқарушы ретiнде тiркелген шет мемлекеттердiң елшiлерiнен Сенiм грамоталарын қабылдайды.