Мемлекеттік құпияға не жатады?
Мемлекеттік құпия деген не? Мемлекеттік құпияларға не жатады?
Дастан ӨМІРХАН, Алматы
Мемлекеттік құпия – ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келмес үшін мемлекеттің әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық, сыртқы экономикалық, сыртқы саяси, барлау, қарсы барлау және халықаралық құқықтың әлемге ортақ қағидаларына қарсы келмейтін басқа да шараларды сәтті іске асыру мақсатында таралуына шек қоятын және өз қорғауында ұстайтын мәліметтері. Мемлекеттік құпияның құрамдас бөлігі – қызметтік құпия. Ондай құпия түріне жария болуы мен жоғалуы Қазақстанның ұлттық мүддесіне, органдары мен ұйымдарының мүддесіне залал келтіретін не залал келтіруі ықтимал мәліметтер жатады. Мемлекеттік құпияға жататын мәліметтер және олар сақталатын құралдар мемлекет меншігі болып табылады. Жария болу салдарынан келтірілуі ықтимал зиян деңгейі қаншалықты болса, мәлімет те соншалықты деңгейде құпияланады. Мемлекеттік құпия саналатын мәліметтер құпиялық деңгейіне қарай «аса маңызды», «өте құпия», «құпия» болып бөлінеді. Мәліметті құпияға жатқызу тәртібі мен оларды қоршау шаралары арнайы бағдарлама, ереже арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік құпияларды қорғау органдарына: Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органы; ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен оның органдары; мемлекеттік органдар мен ұйымдар, олардың мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі құрылымдық бөлімшелері жатады. Қазақстанда мемлекеттік құпияға қатысты қылмыстық жауапкершілік ҚР ҚК- тің 165, 166, 172, 173-баптарында белгіленген.