Мектеп қоймашысына сауықтыру жәрдемақысы төлене ме?
Мен мектеп асханасында қоймашы болып жұмыс істеймін. Осы орайда менің білгім келгені, қоймашыға жыл сайынғы еңбек демалысында берілетін сауықтыру жәрдемақысы төленуі керек пе?
Бикенже БЕКМЫРЗАЕВА, Қарағанды облысы
Сарапшы маманның мәліметінше, ҚР Еңбек кодексінің 239-бабына сәйкес, мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын азаматтық қызметшiлерге лауазымдық жалақысы мөлшерiнде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтiзбелiк 30 күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берiледi. Кодекстің 1-бабында азаматтық қызметшi – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қазыналық кәсiпорындарда, мемлекеттiк мекемелерде ақылы штаттық лауазымда iстейтiн және олардың мiндеттерi мен функцияларын iске асыру және мемлекеттiк органдарға техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асыру мен олардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында лауазымдық өкiлеттiктердi жүзеге асыратын адам деп белгіленген. Азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 қыркүйектегі №850 қаулысымен бекітілген. Тізбеге сәйкес, азаматтық қызметшілерге мамандармен қатар, техникалық орындаушылар және Жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына (бұдан әрі – БТБА) сәйкес, еңбегі кәсіби даярлық пен арнайы білімді талап ететін білікті жұмысшылар кіреді. Қызмет салаларының бәріне ортақ және Жұмыстар мен кәсіптердің бірыңғай тарифтік – біліктілік анықтамасының (БТБА) басылымдарына енгізілмеген жұмысшылар кәсіптерінің тарифтік – біліктілік сипаттамалары Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2003 жылғы 28 маусымдағы №141-ө бұйрығымен бекітілген, оның ішінде білікті емес жұмысшыға жататын «қоймашы» (1-2 разряд диапазоны) кәсібіндегі жұмысшы да көрсетілген.Осының негізінде білікті емес жұмысшылар азаматтық қызметкерлерге жатпайды және осыған байланысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған санаттағы қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығу кезінде берілетін сауықтыруға арналған жәрдемақы төленбейді.