Мәшһүр Жүсіп бата берген басылым
Баянауылдан шығатын «Баянтау» газеті ашылғанда әйгілі Мәшһүр Жүсіп Көпеев бата берген деседі. Бұл газет әлі де шығып тұра ма?
Молдабек САПАРҒАЛИ, зейнеткер, Алматы облысы
Павлодар облысындағы Баянауыл аудандық «Баянтау» газеті биыл өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтуде.
Аудандық газеттің алғашқы саны 1931 «Ленин туы» деген атаумен шыққан. Басылымның тұңғыш саны шығарда, жаңа ұжымға кезінде баянауылдықтардың атақты жерлесі, қазаққа есімі әйгілі этнограф, философ және әдебиетші Мәшһүр Жүсіп ақсақалдың өзі батасын берген.
Газеттің алғашқы редакторы Алаш азаматы Ғалым Майлыбаев болды. Осында халық жазушысы Дихан Әбілов, талантты журналист және жазушы Сүлеймен Баязитов, Павлодар мемлекеттік университеті журналистика кафедрасының меңгерушісі Қырықбай Алдабергенов өздерінің шығармашылық жолын шыңдаған.
Соңғы 40 жыл бойы «Баянтау» газетінің редакторы қызметін белгілі журналист-публицист Шәкірат Шалбай атқарып келеді. Ол 1960 жылы осында 17 жасында корректор болып қызметке алынған болатын. Жақында ғана мерейтойын атап өткен басылымға тарту ретінде облыс әкімі газет редакторына «Павлодар облысы алдындағы сіңірген еңбегі үшін» белгісін тапсырып, темір тұлпардың кілтін табыс етті.