Жуырда мамандар «Алматы мақта-мата» комбинатын және «Алматы аяқкиім» фабрикасын іске қосу жөнінде пікір қозғады. Жалпы, қазірде елімізде жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаратын қанша кәсіпорын бар? Алдағы уақытта олардың көлемі қаншаға өспек?
Айгүл Әзбергенова, кәсіпкер
Қазақстанның жеңіл өнеркәсіпорындары қауымдастығының төрайымы Любовь Худованың мәлімдеуінше, 2011 жылдың қорытындысы бойынша, елімізде тоқыма өндірісімен айналысатын – 39, киім шығаратын – 32, тері өндіру және оған қатысты өнімдер өндіретін бес ірі және орташа кәсіпорын бар. Бұл кәсіпорындар республиканың жалпы ішкі өнімінде бұрынғы деңгейге жете алмай отыр. Десек те, бізде бұл саланы өркендетудің, сол арқылы халықты жұмыспен қамтудың мүмкіндіктері жеткілікті. Мысалы, Қазақстанда тоқыма өнеркәсібіне негізгі шикізат боларлық жылына 450 мың тоннаға дейін мақта жинауға болады. Оның үштен бірі немесе 140-160 мың тоннасы таза талшыққа айналады. Оған қосымша 25-30 мың тонна жүн және 7-7,5 миллион дана тері өндіріледі. Бұл ретте мамандар: «1 тонна мақта талшығының әлемдік нарықтағы құны 1200 АҚШ долларына тең десек, ол жіпке айналғанда – 3200, матаға айналғанда – 7200, ал дайын тауарға айналғанда 8400 долларға дейін пайда әкеледі. Егер жоғарыда айтылған 160 мың тонна мақта талшығы түгелдей өз елімізде соңғы дайын өнімге айналатын болса, ол 1 миллиард 340 миллион доллардан аса табыс әкеледі» дейді... Осыны ескерген мамандар мақта-мата өндіретін еліміздегі ең ірі «Алматы мақта-мата» комбинатын және «Алматы аяқкиім фабрикасын» көп кешіктірмей қайта іске қосу қажеттігін алға тартып отыр.
Мақта-мата комбинаты іске қосыла ма?
Последние статьи автора