«Батыс Қазақстан облысындағы Жаңарқа ауданында күйші Мәмен Мұратұлына кесене тұрғызылды» деп естідім. Мұндай күйшінің болғанын білмеуші едім. Мәмен Мұратұлы қай кезде өмір сүрген, қазақ өнеріндегі алатын орны қандай?
Ержан НҰРБОСЫН, Алматы
Төкпе күйдің төркіні саналатын Нарын қойнауы – қазақ өнерінің алтын бесігі. Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Баламайсан, Сейтек, Түркеш секілді дарын иелерінің арасында Мәмен Мұратұлының да есімі ерекше аталады. Аса дарынды күйші Мәмен Мұратұлы Батыс Қазақстан облысы Жаңарқа ауданы Қамыссамар ауылында 1868 жылы дүниеге келген. Мәмен – өзіне дейінгі халық композиторларының өлмес өнерін жалғастырып, шебер орындаушылығымен ғана емес, күй шығаруымен де тарихта қалған адам. 14 жасында Құрманғазыдан тағылым алған Мәмен кейіннен үйренген өнегесін Дина арқылы сабақтап, Мақат, Оқап, Қали тәрізді шәкірттер тәрбиелеген. Өнер зерттеушілерінің айтуынша, Мәмен Мұратұлын күйші ретінде даралайтын ерекшелік – оның күйлеріндегі артық дыбыс, бөтен қағыс болмайтын мазмұн мен түр бірлігі. Мәмен шығармаларынан бүгінге тек алты күй жеткен. Себебі күрделілігі мен орындау әдісінің қиындығына байланысты көптеген туындысы жоғалып кеткен. Артына «Ақжелең», «Қаражан ханым», «16 жыл», «Ақшолпан» секілді айтулы туындылар қалдырып, 1931 жылы 63 жасында дүние салған өнер иесінің жерленген орны тек соңғы жылдары ғана анықталды. Жуырда Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы Пятимар ауылында күйші зиратына кесене тұрғызылды.
Мәмен күйші қай кезде өмір сүрген?
Последние статьи автора