«Мәдени мұра» киноны қамти ма?
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында кино өнерін дамыту қарастырылған ба? Жалпы, Тәуелсіздік алғалы 20 жылда қазақ киносы нақты қандай жетістіктерге жетті?
Шаттық ТҰРДЫҒҰЛОВА, Алматы
Аталған бағдарлама тек тарихты ғана қамтып қоймай, сол арқылы бүгінге де керек кино, деректі фильмдер жасалады. Бұл жолда Ш.Айманов атындағы «Қазақфильмнің» атқарып жатқан жұмыстарын ерекше атап өтуге тұрарлық. Бүгінде аталған студияның басқаруымен тарих және мәдениет ескерткіштері туралы 10 фильмнің түсірілімі аяқталса, «Ұлттық мұра» деректі фильмдер циклы бойынша 20 фильм дүниеге келді. Киностудия тарихында алғаш рет жүргізілген жаңғыртудың нәтижесінде постөндірістің барлық технологиялық топтамасы қалыптастырылып, постпродакшн бойынша қызметтің барлық түрі тікелей «Қазақфильмнің» өзінде көрсетілетін болды. Бүгінде «Қазақфильмде» өндірілген фильмдердің сандық кітапханасы жасалып, киноқордағы «Қыз Жібек» бастаған фильмдер сандық негізге көшірілуде. Сондай-ақ «Қазақфильм» отандық фильмдермен қоса, халықаралық жобаларды да жүзеге асырып отыр. Соңғы екі жыл ішінде 70-тен аса фильмнің түсірілім жұмысы аяқталды. Ұлттық кино жасауда сапалы деңгейге көтерілу байқалады. Ал үш жыл ішінде 20-дан астам фильм прокатқа шығыпты. Соңғы екі жылда отандық 40 фильм әлемнің 22 еліндегі 27 кинобайқауға қатысып, шетелдік мамандардың ерекше ілтипатына бөленген.