«Қазір хоккейшілер локаутқа кетіп жатыр екен» деген жаңалықтарды оқып жүрсем де, бұл сөздің мағынасына тереңдей қойған жоқпын. Локаут дегеніміз не, өзі?
Жаншуақ Мырзалин, Алматы
Локаут терминінің негізгі мағынасы жұмыстың уақытша тоқтап қалуы дегенге сай келеді. Ал спортта «локаут» термині Ұлттық хоккей лигасы мен Ұлттық баскетбол қауымдастығында жиі қолданылады.
Ұлттық хоккей лигасында локаут үш рет орын алған. Оның алғашқысы 1994/1995 жылғы маусымда жүзеге асты. Локауттың салдарынан 84 матчтың орнына небәрі 48 кездесу өтті. Екінші локаут 2004/2005 жылы бой көрсетіп, тұтастай бір маусым кейінге шегерілді. Ал үшінші локаут 2012 жылдың 15 қыркүйегіне сәйкес келді. Клуб иелері мен ойыншылар еңбекақы мен қосымша сыйақылар үшін келісімге келе алмаған соң, Ұлттық хоккей лигасында локаут жарияланды. Бүгінге дейін ойыншылар Лига кірісінің 57 пайызын алып келсе, клуб басшылары ойыншылардың үлесін 49 пайызға дейін қысқарту керек деген пікірінен танбаған. Тіпті алдағы төрт жылдың ішінде 47 пайызға дейін төмендету керек деген ұсыныстары да бар.
«Екі жақ келісімге келе алмаған соң, қазанда басталуы тиіс кезекті маусымда өзгерістер болуы мүмкін» деп хабарлайды Reuters агенттігі. Әзірге маусым алдына жоспарланған матчтар кейінге шегерілді.
Локаут деген не?
Последние статьи автора