Ләззаттың өлімі жұмбақ күйінде қалып отыр
1986 жылы Желтоқсан көтерілісінде небәрі 16 жасында қыршын кеткен батыр қыз Ләззат Асанова, шын мәнінде, өзін-өзі өлтірді ме?
Асылхан, Алматы облысы
Ләззат Асанова 1970 жылы қазіргі Алматы облысы Панфилов ауданына қарасты Айдарлы ауылында дүниеге келген. Мектепті үздік бітіріп, Алматыдағы Чайковский атындағы музыка училищесіне оқуға түскен. 1986 жылдың 17-18 желтоқсанында Алматыда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы азаттық көтерілісіне белсене қатысқан. Көтеріліс қатыгездікпен жанышталғаннан кейін басқа да ұсталған 87 адам қатарында Асановаға Қазақ КСР ҚК-нің 65-бабымен айып тағылып, қамауға алынды. 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматы қаласында болған оқиғаларға түпкілікті баға беру жөнінде республика Жоғарғы Кеңесінің төралқасы құрған комиссия мүшесі Ф.Игнатовтың мәліметтеріне қарағанда, Ләззаттың мәйіті бірнеше күннен кейін музыкалық училище жатақханасынан табылған да, ол туралы жатақхананың бесінші қабатынан құлап өлген деген қауесет таратылған. Осыған қарамастан, мәйітті туған ауылына Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметкерлері арнайы қарауылдап апарған. Ләззатты жерлеудің алдында денесін ақ жауып, арулаған кезде оның бас сүйегінің шүйдесі ойылып кеткені анықталған. Осыған қарағанда, ол жазалаушылардың қолынан қаза тапқан. Бірақ он екіде бір гүлі ашылмаған қызғалдақтай аруымыздың өлімі бүгінге дейін жұмбақ болып келеді.