Күннен қуат алатын батареялар Қазақстанда жасалады
Қазақстанда күннен қуат алатын батарея шығаратын зауыт ашылыпты деп естідім. Шындығында солай ма?
Ақерке ЖАНТІЛЕУОВА, Шығыс Қазақстан облысы
Қазақстанда күннен қуат алатын батарея өндірісіне арналған модульдар жасап шығаратын зауыт ашылады деп жоспарланып отыр. Анығы осындай. «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингінің Бизнесті дамыту департаментінің директоры Талғат Данияров былай дейді:
– Ол зауыт жылына 900 тонна күн қуатымен қамтылған модульдар, кремнийден жасалған стерженьдер жасап шығарады. Бастапқы кезде өнімнің 90 пайызы Жапония мен Еуропа елдеріне экспортталады. Ал қалғаны отандық шағын және орта бизнестің айналымына жіберілмекші. 2010 жылы бүкіл потенциалымен іске қосылатын бұл зауыт өнімінің 30 пайызы Қазақстан тұтынушыларына ұсынылады. Басында шикізат Жапониядан тасымалданады деп жоспарланып отыр. Өнімнің техникасы мен технологиясын әбден игергеннен кейін зауыт отандық шикізат материалдарын тұтынатын болады. Қазақстан территориясында 60 мың тонна жоғары сапалы кварц шикізатының қоры бар.
Негізі, күннен қуат алатын батареялардың әлемдегі басты тұтынушылары (92 пайызы) Еуропа, АҚШ және Жапония болып табылады.