«Алты бала дүниеге әкелген анаға «Күміс алқа» белгісі беріледі, зейнетақысына 8000 теңге қосылады» дегенді естіп қуанып қалып едік. Анам алты бала өсіргенімен, бір ағамыз 25 жасында қайтыс болған.
Асылжан, Алматы
Бұл сауалды Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының төрағасы Әбдікәрім Төреқұловтан сұрадық.
– Расында да, заң бойынша Асылжанның анасына «Күміс алқа» белгісі берілмейді. ҚР Мемлекеттік сыйлықтары туралы» Заңының «Көпбалалы аналарға сыйлықтар» тарауының 27-бабында «Күміс алқа» белгісімен алты бала туып, өсірген, кенжесі бір жасқа толған және барлық балалары тірі аналар марапатталады» делінген.
Ал «Алтын алқа» жеті бала туып, өсірген аналарға табысталады. Заңға сәйкес, асырап алынған балалар, Қазақстан Республикасын қорғау жолында мерт болған немесе хабарсыз кеткен, табиғат апаты кезінде немесе адам өмірі мен материалдық құндылықтарды құтқару кезінде, қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық тәртіпті сақтау, еңбек барысында жарақат алып немесе кәсіби аурудан көз жұмған балалары да есепке қосылады.