«Күміс алқа» иегеріне үстемеақы қай уақыттан төленеді?
Мен алты баланың анасымын. Қазір зейнеткермін. Осы жылдың сәуір айында «Күміс алқа» иегері болдым. Менің білгім келгені, осыған байланысты үстемеақы қай уақыттан бастап төленеді? Және оның мөлшері қанша?
Күлімай АҚАЙДАРОВА, Оңтүстік Қазақстан облысы
ҚР Үкіметінің 31 қаңтар 2001 жылғы №161 қаулысына сәйкес, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі – жәрдемақы) оны алу құқығы туындағаннан кейiн жәрдемақы тағайындау үшiн өтiнiш берген күннен бастап тағайындалады. Барлық құжаттарымен бiрге өтiнiш берiлген күн өтiнiш жасаған күн болып саналады. «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» ҚР Заңына сәйкес «Алтын алқамен», «Күмiс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелi «Ана даңқы» ордендерiмен марапатталған көпбалалы аналарға алты айлық есептiк көрсеткiш немесе 8478 теңге мөлшерінде жәрдемақы төленеді.