Күйеуім әлі бала сияқты
Отбасын құрғанымызға біраз жыл болды. Бірақ күйеуім әлі бозбала секілді киінеді. Қанша түсіндіруге тырыссам да, өзінің бойдақ кезіндегі киімдерін тастағысы келмейді. Не істеуім керек?
Айжан САЙЛАНХАНҚЫЗЫ, Алматы облысы
Оқырманның сұрағына психолог маман Айман Кенжебаева жауап береді: Иә, кез келген ер адамның киім-кешегінің арасынан әйелдерге ұнамайтын киімдерді жиі кездестіруге болады. Сондықтан сіз күйеуіңіздің киімдерінің ішінен еш ойланбастан төмендегі заттарды алып тастаңыз: мультфильм кейіпкерлерінің суреттері бар киімдер; атластан тігілген спорт костюмдері (мұндайды рэп орындайтын жас балалар киеді); белге тағатын әмиян (көп жігіттер мұны саяхатқа шыққанда тағып алғанды жақсы көреді); оқушы немесе студент кезде достарымен ойынға, қыдыруға шыққан кезде киген футболка, жеңіл курткалар. Кейбір жігіттер өздері жақсы көретін киімдерді үстінен тастамай киетін болғандықтан тез ескіреді. Ондай киімдерден де арылу керек. Сондай-ақ дақ түскен жейделер мен өткен онжылдықтардың сәні болған киімдерді де кигізбеуге тырысқан жөн. Жақсы киіну үшін міндетті түрде сән қуып қажеті жоқ. Тек әр адам өз жасына қарай өзіне жарасатын киім кигені дұрыс. Ал сіз киім аларда күйеуіңізбен дүкенге барып, бірге таңдауға, мамандардың кеңесін тыңдауға тырысыңыз.