Соңғы кезде малдан адамға жұғатын аурулар жиі шығып жатыр. Соның ішінде, күйдіргі ауруы жайлы толығырақ мағлұмат берсеңіздер екен. Республикамызда күйдіргі ауруының жағдайы қалай? Індет адамдарға қалай жұғады?
Рахым САРМАНОВ, Шығыс Қазақстан облысы
Ақылбек МЫРЗАБЕКОВ, МСЭҚК Санэпидсараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығы карантиндік және аса қауіпті аурулар мониторингі бөлімінің дәрігер- эпидемиологі:
– Ауру қоздырғышы – бациллалар (Bacillus anthracis) сыртқы ортаның әсеріне айтарлықтай шыдамды болмағанымен, олардың споралары өте шыдамды келеді. Мысалы, споралар 110 градуста – 10 минут, қайнап жатқан суда – 1 сағат, 110 градус ыстықта 3 сағатқа дейін шыдайды. Ал сыртқы ортада, мысалы, топырақта споралар 50-100 жылдан астам сақталады.
Қазіргі таңда 1948 жылдан бастап жүргізілген «Қазақстан Республикасындағы күйдіргіден стационарлық қолайсыз пункттердің кадастры» бойынша елімізде 1,5 мыңнан астам күйдіргі жұқтыру қаупі жоғары елді мекен мен 2,5 мыңнан астам күйдіргі індетінің ошағы тіркелген.
Елді мекендерді еріген қар сулары басып қалуы немесе сел шайып кетуі жағдайларында, сол сияқты каналдар қазу, жолдар салу немесе тұрғын үйлер мен ғимараттар салу кезінде жер қыртысын қопару жұмыстары ескі қорымдар арқылы жүргізілгенде жер астында жатқан бацилланың споралары жер бетіне шығып, тірі ағзаға тап болса, бірнеше сағат ішінде өзінің белсенділігін көрсете бастауы мүмкін.
Елімізде жыл сайын 5-10 адам күйдіргімен ауырады.
Көпшілік жағдайда індет ауырған малды сойғанда, жіліктегенде, ішек-қарнын тазалағанда жұғады немесе мал өнімдерін шала пісіріп (шашлык, қуырдақ, бауырды шала пісіріп жеу т.б.) тамаққа пайдаланғанда, ал кейде сирек те болса сол қолайсыз елді мекендерде әртүрлі жұмыстар істегенде топырақтан да жұғуы мүмкін. Қоздырғыштар, негізінен, адам денесіне терідегі ұсақ жарақаттар арқылы өтеді.
Күйдіргі адамға қалай жұғады?
Последние статьи автора