Күй сайысында кім озды?
Жуырда Орал қаласында Құрманғазының құрметіне арналған күйшілер байқауында кімдер жеңімпаз атанды?
Бейсен Мергенұлы, Ақмола облысы
Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 190 жылдығына арналған «Күй алыбы – Құрманғазы» атты республикалық домбырашылар байқауы өз қорытындысын жариялады.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасы және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған байқауға республиканың бірқатар өңірлерінен 20 күйші қатысқан. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі күйші Айтжан Тоқтаған бастаған қазылар алқасының шешімімен үш турдан тұратын сайыстың алғашқы екі кезеңі бойынша он екі үміткер іріктеліп, финалға жолдама алды. Байқау қорытындысында Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясы Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің домбырашысы Ақылбек Бектасов бас жүлдені иеленсе, тағы бір оралдық жас талант Жарас Сатыбалдиевке бірінші орын берілді. Атыраулық Қайрат Жұмағалиев пен маңғыстаулық Асылбек Дәулетияров – екінші, қызылордалық Сандуғаш Тұрғанбекқызы, оралдық Арман Қыдырәлиев, атыраулық Махамбет Сәбитов үшінші орынды еншіледі. Бұған қоса, бес күйші дипломант атанды. Дүбірлеп өткен домбырашылар байқауы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында өтті. Бұл байқау алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасын тауып отырмақ.