«Коза Ностра» деген сөзді жиі естимін, бірақ не мағына беретінін білмеймін. Осыны анықтап бере аласыздар ма?
Қасым БӨЛЕКБАЙҰЛЫ, Алматы облысы
«Коза Ностра» итальян тілінен аударғанда «біздің іс» деген мағына береді. Ол – АҚШ-тағы ірі мафияның атауы. Италиядан барған мигранттардан ғана құралған бұл қылмыстық топтың 5 жарым мыңдай мүшесі бар. Қазір бұл мафия әлемге тармақталып кеткен. Қылмыстық топ белсенділері заңмен қудалауды болдырмау үшін қолында үкімі бар қызметкерлерді, құзырлы орындарды, шенеуніктерді, құқық қорғау орган қызметкерлерін сатып алып отырды. Кейде билікпен сыбайласқан түрде жасырын шаралар атқарды. Еларалық сауда-саттыққа көп кедергі келтірген соң 1970-1980 жылдары олар ФБР-дың қудалауына ұшыраған болатын. Дегенмен толығымен тоқтата алған жоқ. Италиялық қылмыстық топтар өзара байланысып отырғанымен басын біріктіретін ортақ мекеме құраған жоқ. Сондықтан да қазір «Коза Ностра» сөзі бір ғана қылмыстық топтың аты емес. Сөз мағынасы кеңейіп, жалпы, «қылмыстық топ» дегенді де білдіреді. Италиялық қылмыстық топтарының ошағы қазір Сицилияда, Неапольде, Калабарияда, Апулия, Чикаго, Нью-Йоркте бар. Қазір бұл қылмыстық топтарға тек итальян ұлтының өкілдері ғана емес, жалпы, ақ нәсілді католиктер де кіре алады.