Көз тиеді дегенге сенуге бола ма?
Ел-жұрт көз тиді, сөз тиді деп жатады. Бірақ оның рас-өтірігін анық біле бермеймін. Айтыңыздаршы, жалпы, көз тиеді деген наным-сенімге сенуге бола ма?
Тазагүл ҚАЛҚАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы
Қазақтың дүниетанымында әр аурудың өз иесі болады. Балаға көз тисе, я сөз тисе, ата-ана сол көз бен сөздің иесін тауып, соның ұлтарағының, шұлығының немесе тұтынатын бір затының бір бөлігін байқатпай кесіп алып, соны тұтатып дерттенген балаға иіскетіп жатады. Жер ұшық, су ұшық, батқан күнге, атқан таңға сәлем салдырып, сумен, күлмен, желмен кетсін деп ырымын жасайды. Көзігуді, тілігуді дәстүрлі медицина емес, халықтық наным-сенімдегі ем-доммен жазады. Көз балаға ғана емес, ересек адамға да, жүйрік тұлпар, алғыр құсқа да, затқа да, жақсы басталған іске де, жайқалып өскен ағашқа да тиеді деп біледі. Қазақ баласының атын Итбай қойса, маңдайына қара күйе жақса, әдемі киіндірмесе, есі кіргенге дейін көзге көп түсіре бермесе осының бәрі – сол көз бен сөзден сақтағаны. Жаңа түскен келінді көзге көрсетпей, орамалмен жүзін жаудырып, сәлем салғызғаны да сол.