Олимпиада ойындары жақындаған сайын көркем гимнастикадағы көркем қыздардың өнерін көретін күнді асыға күтіп жүрмін. Талшыбықтай майысқан сұлулардың спорттық құралдары туралы кеңірек ақпарат берсеңіздер екен. Мәселен, көркем гимнастикадағы секіртпенің неге сабы жоқ, таспа неге тым ұзын?
Жансая КӨПБАЕВА, оқушы
Көркем гимнастика Олимпиада бағдарламасына 1984 жылы Лос-Анджелестегі ойындарда енді. Бұрын көркем гимнастикада спорттық құрылғыларсыз-ақ та өнер көрсетуге болатын. Бүгінде ол ереже күшін жойды. Көркем гимнасттар секіртпе, таспа, шеңбер, доп және күрзіні пайдаланып, әуеннің ырғағымен күрделі жаттығуларды орындайды.
Көркем гимнастикадағы секіртпені (скакалка) кендір жіптен немесе синтетикалық жіптен дайындайды. Секіртпенің ұзындығы спортшы кендір жіптің ортасында тұрғанда, иығымен тең болуы керек. Секіртпенің сабы болмайды, тек екі шетін түйіншектеп қоюға мүмкіндік бар.
Көркем гимнастикадағы шеңбердің (обруч) салмағы 300 грамм, диаметрі 80-90 метрден аспауы тиіс. Ағаштан немесе синтетикалық құралдардан дайындалады. Полиэтиленнен дайындалған шеңберлер сынып қалмайды, бірақ ұзақ уақыттан соң майысып кетуі мүмкін.
Көркем гимнастикадағы таспа (лента) атлас немесе басқа материалдан жасалады. Таспаның сабы ағаштан немесе пластиктен дайындалады, салмағы 50-60 грамнан аспауы керек. Ал таспаның ұзындығы 6 метр, салмағы 35 грамды құрайды.
Көркем гимнастикадағы тағы бір спорттық снаряд – күрзі (булавы). Бұрын гимнастар ағаштан жасалған күрзіні пайдаланған, қазіргі таңда күрзілер пластиктен немесе каучуктен дайындалады. Кейбір гимнастар қолдан сусып кетпеуі үшін пүлішпен көмкерілген күрзілерді де қолданысқа енгізген. Күрзінің ұзындығы – 40-50 сантиметрге тең.
Көркем гимнастикада қолданылатын спорттық құрал – доптың салмағы 400 грамнан аспайды. Резеңкеден немесе синтетикалық құралдан дайындалатын доптың диаметрі 18-20 сантиметрге тең. Көркем гимнастикада пайдаланатын доптар майысқақ, жұмсақ болып келеді.
Гимнастар өнер көрсететін кілемнің ұзындығы да, ені де 13 метрге тең.
Көркем гимнастика құралдары
Последние статьи автора