Конституцияның дамуына үлес қосқандар еңбегі елене ме?
Ресейде Конституцияға еңбек сіңіргендерге берілетін «Защитнику свободной России» атты медаль бар екен. Қазақстанда осы іспетті марапаттаулар бар ма?
Алдаберген СӘРСЕНБЕКҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы
2005 жылы ел Президентінің жарлығы бойынша «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» атты медаль қолданысқа енгізілді. Ол Қоғам қайраткерлері мен заңгерлер арасында Конституция негіздерін құруға және дамуына айтарлықтай еңбек сіңірген Қазақстан азаматтарына және шетелдік азаматтарға да беріледі. Бұл марапатты Республика президенті немесе президенттің атынан өзге де құзырлы қызмет иелері ұсынады. Жезден құйылған «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медалінің диаметрі 34 миллиметрді құрайды. Медаль Өскеменде дайындалған.
Алайда бұл медаль мүшелтой қарсаңында шыққандықтан, оны тек 2005 жылға дейін еңбек сіңірген бірқатар қайраткерлер мен заңгерлер иеленді. Олардың арасында Конституцияны жазып шығуға атсалысқан заңгерлер, Конституциялық кеңестің мүшелері, бірқатар әкімдер және белгілі қоғам қайраткерлері бар. Дегенмен сіз келтірген мысалдағыдай, уақытқа бағынбай тағайындалатын бір марапат керек-ақ.