Конституциялық кеңеске кімдер мүше?
Еліміздің конституциялық кеңесіне кімдер мүше, олар қалай сайланады және олардың атқаратын қызметі жайын айтып берсеңіздер?
Алтынбек Серпенов, Алматы қаласы
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi жетi мүшеден тұрады. Олардың өкiлеттiгi алты жылға созылады. Республиканың экс-президенттерi ғұмыр бойы Конституциялық Кеңестiң мүшелерi. Конституциялық Кеңестiң екi мүшесiн Республиканың Президентi, екi мүшесiн Сенаттың төрағасы және екi мүшесiн Мәжiлiстiң төрағасы тағайындайды. Конституциялық Кеңестің мүшелерін жеке атап беретін болсақ, төрағасы – Игорь Рогов, қалған мүшелері – Ілияс Жақыпбекұлы, Николай Белоруков, Анар Жайылғанова, Виктор Малиновский, Аманжол Мағзұмұлы, Үбайдолла Мырзағалиұлы.
Конституциялық Кеңес ел Президентінің, Сенат пен Мәжiлiс төрағасының, Парламент депутаттарының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң, Премьер-министрдiң өтiнiшi бойынша: дау туған жағдайда Президенттің, Парламент депутаттарының сайлауын өткiзудiң дұрыстығы және республикалық референдум өткiзу туралы мәселенi шешедi, Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестiгiн қарайды. Ел Үкіметі халықаралық шарттарды бекiтпес бұрын, олардың Конституцияға сәйкестiгiн тексереді, Конституцияның нормаларына ресми түсiнiктеме бередi.
Конституциялық Кеңестiң төрағасы мен мүшелерiн өздерiнiң өкiлеттiгi мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, Парламенттiң келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.