Көліктен ауаға қандай зиянды заттар шығады?
Жақында бір газет бетінен «Алматы қаласы Қазақстан қалаларының ішіндегі ауа ластануының жоғары деңгейін көрсетіп, бірінші орынға шықты» деген хабар оқыған едім. Менің ойымша, ауаның бұзылуына ең алдымен сапасыз көліктер мен сапасыз майлар әсер етуде. Сұрайын дегенім, Алматыда қазіргі күні қанша көлік тіркелген және осы көліктерден қандай зиянды заттар ауаға шығады?
Төребек АЛМАСҰЛЫ, Алматы, оқушы
Қазір Алматыда 540 мыңнан астам көлік құралдары тіркелген.Сондай-ақ қалаға орта есеппен күнделікті 200 мыңның шамасында автомобильдер келіп-кетіп жатады. Әрбір 1 мың автомобильден күніне ауаға 3000 кг көміртек оксидтері, т.с.с отынның толық емес жану өнімдері бөлінеді. Жыл сайын олар 280 млн тонна шамасында көміртек тотығын, 56 млн тонна көмірсутек, 28 млн тонна азот тотығын ауаға қосады. Бұл газдардың құрамында 200-ден астам өте күрделі заттар қосындылары (Pb, Hg, Cd, т.б. ауыр металдар, ішкі жану қозғалтқышының газдары – бензапирен, альдегидтер) бар. Ластағыш заттардың зиянды әсер ету сипаты алуан түрлі. Олар түрлі металдардың коррозиясын үдетіп, өсімдіктер үшін улы болып келеді, сонымен қатар ыс туындауының бір себебі болады, жаппай өкпе және басқа да ауруларға ұшыратады.